Қоғам • Кеше

Осыдан  39 жыл бұрын... Желтоқсан көтерілісі – тәуелсіздіктің бастауы

50 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан 39 жыл бұрын қазақ жастары Алматының орталық алаңына қарай беттеп бара жатты. Тұс-тұстан ағылған адамдар тобы көше қиылыстарында біріне бірі қосылып, қарақұрым халық ә дегенде-ақ жиналған еді. Олар қазақ елін қазақ басшы ғана басқаруы тиіс деп ұрандатып, Колбиннің билікке келуіне айырықша қарсылық танытты. Ал шын мәнінде бұл азаттық аңсаған, бұғаудан босап шыққысы келген халықтың жанайқайы, тұяқ серпіген тағдырлы зары еді.

Осыдан  39 жыл бұрын...  Желтоқсан көтерілісі – тәуелсіздіктің бастауы

Фото: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Ашық дерек көздерінде жастардың алғашқы легі 17 желтоқсан күні таңғы 7-8 шамасында Орталық комитет ғимаратының алдына топтаса бастағаны айтылады. Бірақ шерушілердің қарасы түстен кейін қалыңдайды. Жастардың сондағы жігері шиыршық атқаны соншалық, олар бет шымшыған аяздан да қаймықпады, қолына қару алып ұмтылған солдаттардан да сескенбеді. Қайталап жатудың қажеті қанша, оқиға хронологиясы қалай өрбігені, бейбіт шеруге шыққан жастарды Фрунзе, Ташкент, Челябі, Новосібір, Уфа мен Тбилисиден әкелінген арнайы әскери топтардың қайтіп басып-жаныштағаны тарихтан белгілі. Қаншама адам қаза тапты. Қаншасы өмір-бақи азап шекті. Алайда тоталитарлық режимге деген осынау қарсылықтың дүмпуі ел аумағынан асып шығып, көршілес мемлекеттерге де жетті. Олар қазақ жастарының ерлігіне тәнті болып, сүйсінді.

Сол кезде «Қазақфильмде» жұмыс істейтін Жанатбек Жақыптың айтуынша, жастар өз ықтиярымен алаңға қарай ағылған.

«Жұмыстағы жігіттер автобуспен келе жатқанда алаңда 30-40 шақты адам тұрғанын көріпті. Содан біз де гу-гу етіп, алаңға қарай бет алдық. Барсақ «қайтыңдар», «тараңдар» деген агитациялық жұмыстар жүріп жатыр екен. Олардың үгіттегеніне қолды бір сілтедік. Біз Сәтбаев көшесінің бойында тұруға тиісті емеспіз, трибунаға барып өз ойымызды айтуымыз керек деп бекіндік», дейді желтоқсаншы.

Алаңға жиналған жастарды аяусыз ұрып-соғу 18 желтоқсан күні түнгі 12 шамасында шырқау шегіне жетеді. Ақ қар, көк мұз үстінде жайрап жатқан қыз-жігіттерде есеп жоқ. Куәгер Мақсұт Сәбитов «солдаттардың қолында – қысқа сапер күрек, жасақшыларда – келтек темір, милиционерлерде – рәзіңке дойыр болды» деп еске алады. Бұл туралы белгілі журналист, Желтоқсан оқиғасын терең зерттеген Қайыммұнар Табеев «Құйынға» түскен ғұмыр» атты кітабында егжей-тегжейлі жазады.

«Жастар қауқарсыз. Арнайы дайындықтан өткен еңгезердей солдаттар бастарынан дойырмен ұрып, ұшырып түсіреді де, дырылдатып сүйрей жөнеледі. Жалаңаш қолмен мұздай құрсанған қалың әскерге қалай қарсы тұрсын? Бір демде жусап калды. Дәлірек айтсақ, жусатып салды. Қарап тұрып, жаның түршігеді. Жыртқыштан қашқан еліктің лағындай үрке қашқан ұл-қыздарды оңды-солды жайратып тастаған. Қимылсыз қалғандарын қол-аяғынан ұстап, сүйреген күйі автобустарға тоғытып жатыр», дейді қанқұйлы көріністі көз алдыңа елестетіп.

Тағы да осы кітапта Ләззат Асанованың өлімі туралы да айтылады.

«Екеуміз бірге оқыдық. Ол қобыз класында, мен үрмелі аспаптар бөлімінде. Ағалы-қарындастай сыйластық. 18 желтоқсан күні бүкіл училище оқушылары болып алаңға шықтық. Арамызда Ләззат та болды. Түнгі сағат 1.30-дар шамасында біз жатақханаға қайтып оралдық. Кейіннен, 23 желтоқсан күні Ләззат маған келіп, жылап тұрып: «Аға, органның адамдары мені күнде шақырып алып, Колбинге қарсы көтеріліске қатыстың, - деп «допросқа» алып, қорқытып жатыр. «Егер, сен өзіңнен басқа 5 оқушының аты-жөнін айтсаң, біз сені еркіңе жібереміз» дейді. Мен бірақ олардың қыспағына көнбедім, - дегені есімде. Мен одан кейін қайтып Ләззатты көрмедім. Тағдырдың талауына ұшырайтынын білгенде, қасымнан шығармас едім», деген Ләззаттың курстасы, белгілі композитор Рамазан Таймановтың сөзі келтіріледі.

Желтоқсан көтерілісін Кремль мінберінен айтып, ақиқатқа арашашы болған ақын Мұхтар Шаханов оқиғадан 1 жыл, 2 ай бұрын КСРО Қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп «Метель» операциясын әзірлегенін айтады.

«Бірақ оны сынайтын жер таба алмай жүрген. Алматыда, Брежнев атты алаңға қарусыз, ештеңеден хабары жоқ, қара күш қолданады деген санасына да кірмеген, сол кездегі демократиялық рухтың әсерінен оянған жігіттер мен қыздар бейбіт шеруге шыққан кезде «Метель» операциясын ұйымдастырған адамдар жүрегі жарыла қуанған. Михаил Горбачевтан ауызша ғана рұқсат алып, КСРО Қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Бабков Алматыға ұшып келген», дейді Шаханов режиссер Жаңабек Жетіруовтың «Желтоқсан алауы» деректі фильмінде сөйлеген сөзінде.

Желтоқсаншы, ақын Аманғазы Кәріпжан Желтоқсан көтерілісін кейінгі дәуірдегі тәуелсіздіктің бастауы деп қарастырған орынды дейді:

«Әр дәуірдің өз тәуелсіздігі болады. Осы ең соңғы тәуелсіздіктің бастауы – Желтоқсан көтерілісі. Өйткені бір ғасырдың ішіндегі 400-ге жуық көтеріліс, одан кейін мыңдаған жылдың ішіндегі мыңдаған көтерілістің ең бір түйінді тұсы Желтоқсан көтерілісіне келіп тіреліп тұр».

Қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы «Желтоқсан оқиғасы бұрынғы қаһары мен ызғары бетіне теуіп тұратын әміршілдік-әкімшілдік жүйе мен енді ғана тәй-тәй басқан демократиялық нышандардың алғашқы беттесуі болған еді» деп баға береді.

Ғалым, тарихшы Мәмбет Қойгелді екі күн – 17-18 желтоқсанның қазақ ұлты үшін, соның ішінде жастар үшін мереке күндері болды деп есептейді.

«Ғажап күндер болды. Неге деген уақытта, бұл күндері халықтың ішіне қорланып, сақталып, жиналып қалған ауыр жүк, шемен, ауыр тас, қайғысы, қасіреті, бәрі сыртқа шықты. Тура осы екі күнде. Запыран болып шықты сыртқа. Бар ойын айтты. Ішіндегі бар шынын айтты. Көшедегі балалар соны ән салып жүріп айтты. Жылап жүріп айтты. Тергеушілердің алдына «қайткенде де жазалау керек» деген мақсат қойылған. Ату. Сол арқылы ұлтты қорқыту. Үрейін алу. Осы тұрғыдан жүргізеді. Мен сонда Алатауға қарап ойландым, Алатаудан басқа бізге пана болатын ештеңе жоқ екен», дейді тарихшы.

Жылдар жылжып өткен сайын Желтоқсан көтерілісінің мәні артып, маңызы еселене түсері күмәнсіз. Қазіргідей заманауи технологиялар дамымаған уақытта жастардың бір сәтте, бірдей көңіл-күймен, біркелкі талаппен, біржақты сеніммен алаңға шығуы, өз құқықтарын, ел құқығын табандап тұрып талап етуі және сол талабы орындалмайынша ұсақталмауға, жүрексінбеуге бекінуі, сол жолда серт байласуы – бұл расында, таңғаларлық құбылыс. Ғасыр құбылысы.

Олар неліктен ә дегенде-ақ бірін бірі қолдай жөнелді? Бір-бірін танымайтын, мүлде білмейтін, республиканың әр аймағынан келген жастардың ауызбіршілік танытып, ортақ идея аясында жұмылуын қалай түсіндірсек болады? Бұл сірә, ғасырлар бойы халқымыздың арқасына аяздай батқан әділетсіздіктің, теңсіздіктің, жетіспеушіліктің шегіне жетіп, шамырқана тулап, отаршыл жүйе аяусыз таптаған тарихи сана мен жаншылып-езілген ұлт ақыл-ойының бір арнаға құйылып, сол уақыттағы көзі ашық, көңілі сергек қазақ жастарының бет-бейнесі һәм салихалы санасы күйінде аренаға шығуы болар. Бұл сірә, егемен күнді сарыла күткен, бірақ жете алмай кеткен, жете алмаса да сол жолда басын бәйгеге тіккен арыдағы бабаларымыздың, берідегі би, батырларымыздың, қанқұйлы кеңес цензурасының бет шарпыған жалынына жүзін төсеген Алаш ардақтылары мен қайраткерлеріміздің күш-қуатының әлдебір ғарыштық құдіретпен алаңға қарай аршындап басқан қазақ жастарының бойына құйылуы болар.

Желтоқсанда шейіт кеткен қазақ ұландарының рухы шат болғай! Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында көпір құлады

Төтенше жағдай • Кеше